Сұрақ - жауап

Мысалы: Жинақтар

Зейнетақы жүйесі

Инвестициялық кіріс сомасы неге өзгереді?

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының есебін аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы және айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңындағы жағдай бойынша зейнетақы активтері құнының үлес шамасы ретінде айқындалатын зейнетақы активтерінің бір шартты бірлігінің құнын апта сайын қайта бағалау жолымен жүзеге асырады.


БЖЗҚ шартты бірліктің құнын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері және әрбір ИПБ тұрғысынан сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері бойынша жеке есептейді.


ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарын қайта бағалау нәтижесінде инвестициялық кіріс оң да, теріс те болуы мүмкін. Инвестициялау нәтижесінде туындайтын инвестициялық кіріс тұрақты емес шама болып табылады, яғни белгілі бір кезеңге сыйақы мөлшері нақты айқындалған банктердің депозиттік шарттарында көзделгендей, қатаң белгіленген шама болып табылмайды және көптеген факторларға, оның ішінде бағалы қағаздардың нарықтық құнына және валюта бағамының өзгеруіне байланысты болады. 


Зейнетақы жинақтары - бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық кірістің мөлшерін кемінде 1 (бір) жылдағы кезең үшін талдау орынды болмақ. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т. б.) – көрсеткіш болып табылмайды, өйткені олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты болады.


Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық болып табылады: әрбір салымшының өз инвестициялық кірісін  enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан көруге мүмкіндігі бар, сонымен қатар БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша және БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпаратты алуына болады, ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтында (www.enpf.kz) «Статистика және аналитика/ Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланып отырады.

28.03.2025
Инвестициялық кіріс қалай есептеледі?

Салымшының ЖМЗЖ/ЖЗШ-на сома түскен кезде, түскен сома сомалар түскен күннің басындағы ағымдағы құн бойынша айқындалатын шартты бірліктердің баламалы санына қайта есептеледі.

ШБ - бағамы есептелген инвестициялық кіріске (залалға) байланысты болатын, активтерді инвестициялау нәтижесінде олардың өзгеруін сипаттау үшін пайдаланылатын зейнетақы активтері құнының үлестік шамасы.

Инвестициялық кіріс апта сайын салымшының нақты түскен: жарналарына, аударымдарына, жарналар бойынша өсімпұл сомаларына ғана есептеледі. Зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің ағымдағы құны бойынша төлемдер, аударымдар кезінде есептелген инвестициялық кірісті қамтитын зейнетақы жинақтарының сомасы анықталады, содан кейін ол салымшыға (зейнетақы төлемдерін алушыға) төленеді.

28.03.2025
Зейнетақы жинақтары сомасының өзгеру себебі

Қорға түскен зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарында сақталып қана қоймай, сонымен қатар инвестицияланып, салымшыларға табыс әкеледі. Зейнетақы жинақтарын экономиканың түрлі салаларындағы, әртүрлі валюталардағы сан-алуан қаржы құралдарына инвестициялауды Ұлттық Банк және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады.

Алайда, қаржы нарықтарындағы жағдай экономикалық, саяси және басқа факторлардың әсерінен өзгеруі мүмкін. Олар бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер түріндегі кірістерге және т. б. әсер етеді.

Сондықтан жекелеген кезеңдерде инвестициялық кіріс оң да, теріс те болуы әбден мүмкін, ал бұл зейнетақы жинақтарының жалпы сомасына әсер етеді.

Бұл ретте, кейбір құралдар бойынша кіріс басқа құралдар бойынша уақытша шығындарды жабатын инвестициялық портфельді әртараптандыру зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді келешекте сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді.

Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жинақтары - бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдау қажет.

Бірақ қаржы нарықтарының тұрақсыздығы ұзақ мерзімді болып, төлем құқығын алған кезде нақты кірістілік инфляциядан төмен болса да, мемлекет алушыларға инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген қаражат мөлшерінде ҚР Ұлттық Банкінің басқаруымен міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) сақталуына кепілдік береді.

Басқарушы компаниялар жарналардың сақталуына меншікті капиталы есебінен жауап береді және нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа өлшенген кірістілігі негізінде есептелетін табыстылықтың ең төменгі деңгейін қамтамасыз етуге кепілдік береді. 

26.03.2025
Зейнетақы жинақтары қалай және қайда инвестицияланады?

Отандастарымыздың зейнетақы жинақтары жұмыс істеп, табыс әкелуі тиіс. Сондықтан зейнетақы жинақтары елімізде де, шетелде де нарықтық жағдайларда әртүрлі валютадағы түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Нәтижесінде инвестициялық кіріс әртүрлі көздерден құралады: бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістер; қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер; сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б.
Бұл кең таралған әлемдік тәжірибе. Әлемдегі зейнетақы қорлары салымшылардың зейнетақы капиталын инвестициялау және көбейту үшін тартымды және тиімді мүмкіндіктерді үнемі іздестіріп отырады.
Зейнетақы активтерін инвестициялаудың басты қағидаты - оларды әртараптандыру. Мұндай тәсіл олардың ұзақ мерзімді сақталуын және инвестициялаудан тұрақты түрде кіріс алуды қамтамасыз етеді. Бұл өте маңызды, өйткені зейнетақы жинақтарындағы негізгі үлес, әдетте, көптеген жылдар бойы жинақталған инвестициялық кіріске тиесілі болады. 
 Зейнетақы активтерін инвестициялаумен ҚР Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), ал 2021 жылдан бастап инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) айналысады.
Ұлттық банк үшін зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен, ал инвестициялық портфельді басқарушылар үшін – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен бекітіледі.
Зейнетақы активтерін басқарушылар - ҚР ҰБ және ИПБ-да зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзіндік стратегиялары бар. Олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды. Инвестиция жасау үшін нақты құралдарды таңдау сенімгерлік басқарушының стратегиясына және оның инвестициялардың сенімділігі мен кірістілігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне сүйене отырып, жүзеге асырылады. Барлық кажетті ақпарат «Статистика және аналитика/ Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланады.

28.03.2025
Инвестициялық кірісті қалай қадағалауға болады?

Әр салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінде өзіне тағайындалған инвестициялық кіріс сомасын көруге мүмкіндігі бар.

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Статистика және аналитика/ Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланып отырады.

 

«БЖЗҚ/ЕНПФ» ұялы қосымшасы арқылы жеке зейнетақы шотының (бұдан әрі – ЖЗШ) жай-күйі туралы ақпаратты алу үшін, Сіз телефонға алдын-ала жүктеп алған ""eGov mobile"" электрондық үкімет қосымшасының көмегімен ала аласыз.

«БЖЗҚ/ЕНПФ» ұялы қосымшаға кіргеннен кейін ЖСН мен құпия сөзді тересіз.

Егер құпия сөзді ұмытсаңыз, онда «Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?» түймесін басасыз және ЖСН толтырасыз. Құпия сөзді қалпына келтірудің 2 жолы бар:

1.      Құпия сөзді қалпына келтіруді «eGov mobile» қосымшасын басу арқылы Сіз құпия сөзді қалпына келтіру бетіне өтіп, жаңа құпия сөзді жазасыз, сол жаңа құпия сөзді тағы да жазасыз. Бұдан әрі «құпия сөзді ауыстыру» түймесін басасыз, сол кеде «Қол қою» бетіне өтесіз. Қол қою сәтті аяқталғаннан соң, «БЖЗҚ/ЕНПФ» ұялы қосымшасына өтіп, ЖСН мен  жаңа құпия сөзді тересіз одан соң «Кіру» басасыз.

2.      ЖСН тергеннен соң, Сіз «бір реттік құпия сөзді жіберуді» таңдайсыз. Бірақ Сізге  бір реттік құпия сөз келуі үшін Сіздің электрондық мекенжайыңыз БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде тіркелген болуы керек.

Жаңа құпия сөзді жасау үшін келесі талаптарды ескергеніңіз жөн:

- құпия сөздің ұзындығы кемінде 8 таңбадан және 20 таңбадан аспауы керек; 

- таңбалар құрамында кіші және бас әріптерді, сандарды және арнайы таңбаларды пайдалану ұсынылады.

ЖЗШ-дан үзінді көшірме алу кезінде Өзіңізге керекті кезеңді көру үшін, Сіз «Қызметтер» бөлімі, әрі қарай «Шоттардан үзінді көшірме алу» парақшасына кіріп, Өзіңізге керекті үзінді-көшірмені қалыптастыру үшін қажетті кезеңді (бір күннен бірнеше жылға дейін) белгілеп, жүктеңіз. Қолданыстағы зейнетақы шоттары бойынша ақпарат, қалыптастырылған үзінді көшірмеде көрсетіледі.

28.03.2025
Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға қалай аударуға болады?

2023 жылғы 1 шілдеден бастап инвестициялық портфельді басқаруға (ИПБ) жеткіліктіліктің ең төменгі шегін есепке алмай, осындай компанияны тәуелсіз таңдау арқылы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының 50%-дан аспайтын бөлігін сенімгерлік басқаруға беру мүмкіншілігі бар.

Сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан тұлғалар өздерінің жеке зейнетақы шоттарында МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатын 100%-ға дейін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы.

Сонымен қатар, ерікті зейнетақы жарналары (болған жағдайда) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын 100%-ға дейін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беруге мүмкіндігі бар.

 Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға/бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға аудару/ҚРҰБ-не қайтару кезіндегі қадамдық нұсқаулық https://www.enpf.kz/kz/services/Invest/22218/

26.03.2025
Зейнетақы жинақтарын қандай мақсатта ИПБ -ға ауыстырылады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға (ИПБ) беру салымшыға өз активтерін басқаруға қатысуға, өзінің зейнетақы жоспарын қалыптастыруға, өз жинақтарын инвестициялаудың баламалы саясатын таңдауға мүмкіндік береді.

Жинақтарды жеке басқаруға беру кезінде түрлі инвестициялық стратегияларды пайдалану тәуекелдерді әртараптандыруға, жоғары инвестициялық кірістілікті алуға және салымшының зейнетақы жинақтарын көбейтуге ықпал етуге бағытталған.

Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру туралы шешімді салымшы ұсынылған компаниялардың инвестициялық декларацияларын зерделегеннен кейін өз бетінше қабылдайды.

Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аудару кезінде мемлекеттің кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады, ол нарықта жұмыс істейтін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігіне қарай есептеледі.

26.03.2025
ИПБ тізімі

Бүгінгі таңда 5 басқарушы компанияның зейнетақы активтерін басқару үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бекітілген талаптарына сәйкес келетін, инвестициялық портфельді сенімгерлік басқаруға лицензиялары бар екенін хабарлаймыз, атап айтқанда:

1. «First Heartland Jysan Invest» АҚ;

2. «BCC Invest» АҚ - «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның еншілес ұйымы»;

3. «Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның ЕҰ»);

4. «Қазақстан Халық банкі» АҚ ЕҰ «Halyk Finance» АҚ;

5. «Сентрас Секьюритиз» АҚ.

26.03.2025
ИПБ-дан зейнетақы жинақтары қалай қайтарылады?

Салымшы өзінің зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға берген кезде салымшыда өз жинақтарын басқа ИПБ-ға аудару не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтару құқығы сақталады.

 Зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына бастапқы бергеннен кейін салымшы:

- өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беру үшін БЖЗҚ-ға өтініш беруге (жылына бір реттен жиілетпей);

- ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚР ҰБ-ның сенімгерлік басқаруына қайтару үшін БЖЗҚ-ға өтініш беруге (зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына бергеннен кейін бір жылдан ерте болмайтын мерзімде) құқылы.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға/бір ИПБ-дан басқа ИПБ-ға аудару/ҚРҰБ-не қайтару кезіндегі қадамдық нұсқаулық https://www.enpf.kz/kz/services/Invest/22218/

26.03.2025
ЗЖ-ның ИПБ- ға аударылатын мерзімдері қандай?

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен БЖЗҚ арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарт негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады.

ҚР Әлеуметтік кодексінің 37-бабының 5-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осы өтініште көрсетілген зейнетақы жинақтарының сомасына сәйкес сомада, ҚР Әлеуметтік кодексінің 37-бабының 5-тармағының 3) және 4) тармақшаларында белгіленген шектеулерді ескере отырып, БЖЗҚ зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына береді.

26.03.2025
ЗЖ-ны ИПБ-ға аудару туралы өтініштің орындалу мәртебесін қай жерде қадағалауға болады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аударуға берілген өтініштің мәртебесін БЖЗҚ интернет-ресурсындағы немесе ұялы қсымшадағы «Менің төлемдер/аударымдар бойынша өтініштерім/ЕЗЖ қайтару» қойындысындағы жеке кабинетте бақылауға болады.

Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беру кезінде жинақталған зейнетақы жинақтарының және жинақталған зейнетақы жинақтары бойынша жинақталған инвестициялық кірістің сомасы туралы ақпарат сәйкес кезеңге, сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы жарналарының есебінен қосалқы шотындағы үзінді көшірмеде көрсетілетінін хабарлаймыз.
Ақпарат салымшының жеке кабинетіңдегі негізгі шот үзіндісінен кейін орналастырылады.

26.03.2025
ҚР Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына ИПБ-дан қайтару мерзімдері қандай?

БЖЗҚ мынадай жағдайларда:

1) салымшы (алушы) ҚР Әлеуметтік кодексінің 207-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін күнтізбелік 10 (он) жұмыс күні ішінде;

2) БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдерін (жерлеуге, мұрагерлеріне) тағайындау туралы өтініш не соттың заңды күшіне енген шешімі БЖЗҚ-ға келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде, сондай-ақ ҚР Әлеуметтік кодексінің 220-бабын 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында, 221-бабы 1-тармағының тармақшаларында, 223-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда;

3) зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт бұзылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде;

4) зейнетақы жинақтарын ИПБ-нің сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне сенімгерлік басқаруға қайтаруға өтінішті алған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жағдайды қоспағанда, ИПБ-ге күнтізбелік 10 (он) жұмыс күні бұрын алдын ала хабарлай отырып, зейнетақы активтерін ИПБ-нің сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына беруді жүзеге асырады.

26.03.2025
Сақтандыру компаниясынан БЖЗҚ-ға қалай қайтаруға болады?

Зейнетақы аннуитеті шартын жасаған адамдар оны жасаған күннен бастап екі жылдан кейін сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайту бөлігінде шарттың талаптарын өзгерту және БЖЗҚ-ға ақшаны қайтару туралы өтінішпен сақтандыру ұйымына жүгінуге құқылы.

БЖЗҚ-ға қайтарылуы тиіс ақша сомасы зейнетақы аннуитеті шартына өзгерістер енгізілген күні зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сатып алу сомасы мен зейнетақы аннуитеті шартына өзгерістер енгізілген күні Кодекстің 225-бабының 2-тармағында айқындалған төлем мөлшеріне қарай есептелген сақтандыру сыйлықақысы сомасының арасындағы айырма

Басқаша айтқанда, зейнетақы аннуитеті шартына өзгерістер енгізілген күні қолданыста болатын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болмайтын айлық сақтандыру төлемінің мөлшерін өмір бойы қамтамасыз ететін сома сақтандыру ұйымында қалуы тиіс.

26.03.2025
Дербес деректерін жинау және өңдеу келісімдері неліктен қажет?

Қазіргі кезде көптеген қызмет түрлерін алған кезде мемлекеттік және қаржылық құрылымдар пайдаланушының дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімін сұрайды. Салымшы (алушы) enpf.kz сайтындағы немесе БЖЗҚ ұялы қосымшасында Жеке кабинетіне кірген кезде БЖЗҚ осындай келісім беру туралы неге бір рет сұраныс жасайтынын біліп жүрейік.

БЖЗҚ өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының, оның ішінде 2013 жылғы 21 мамырдағы N 94-V "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтауға міндетті.

Заңға сәйкес меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ, үшінші тұлға дербес деректерді жинау мен өңдеуді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырады. Заңның 7-бабының 5-тармағында және 9-бабында (7-бабының 1-тармағы) көзделген жағдайлар бұған жатпайды. Атап айтсақ, егер ақпаратты жариялау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, дербес деректерді жинау және өңдеу әкімшілік құқық бұзушылық, атқарушылық іс жүргізу туралы істерді қозғап, қарайтын құқық қорғау органдарының, соттардың және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін жүзеге асыру үшін қажет болса, сондай-ақ, мемлекеттік органдар дербес деректерді міндетті түрде иесіздендіру шартымен статистикалық мақсаттар үшін пайдаланған кезде, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайлар.

Дербес деректер туралы заңның 1-бабына сәйкес "Дербес деректерді өңдеу" ұғымы дербес ақпаратты жинауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға бағытталған әрекеттерді білдіреді. Бұл әрекеттерді БЖЗҚ қолда бар дербес деректерді қорғау және құпиялылық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырады.

Сонымен бірге жекелеген зейнетақы қызметтерін ұсыну БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде сақталатын мәліметтер негізінде ғана жүзеге асырылып қоймай, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне жүгінуді, мемлекеттік органдар және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалар жататын үшінші тұлғалардың ақпараттық жүйелерімен (дерекқорларымен) ақпарат алмасуды талап етеді. Мысалы, өтініш білдірген адамның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері осындай ақпарат алмасудың арқасында БЖЗҚ ақпараттық жүйесіндегі өзектілігін жоғалтқан емес. Мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимылдың және ақпарат алмасудың арқасында БЖЗҚ зейнетақы қызметтерін көрсету кезінде өтініш білдірген адамнан құжаттардың көшірмелерін және (немесе) қосымша ақпараттарды талап етпейді. Әрине, ол үшін, қажетті деректер мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттық жүйелерінде болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, БЖЗҚ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жедел және тиімді қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді, алаяқтық деректерінің орын алуына жол бермейді.

Сіздің деректеріңіз жеке немесе басқа заңды тұлғаларға берілмейтінін де ерекше атап өткіміз келеді.

26.03.2025
Неліктен БЖЗҚ-ға дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру керек?

Заңнамада көзделген қызметтерді көрсету кезінде БЖЗҚ мемлекеттік органдар және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалар жататын ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен (дерекқорларымен) ақпарат алмасады. Бұл ретте салымшылардың деректері жеке не өзге де заңды тұлғаларға БЕРІЛМЕЙДІ.

БЖЗҚ-дан қызметті алмас бұрын салымшы (алушы) / сенім білдірілген тұлға / заңды өкіл Қазақстан Республикасының "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңына сәйкес өзінің жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісімін растайды. Көрсетілетін қызметтердің сапасы мен жеделдігін, сондай-ақ, ақпараттың қауіпсіздігі мен құпиялылығын жақсарту мақсатында, БЖЗҚ сайттағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинеттің арнайы бөліміне салымшылар үшін "Өзінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім беру" жаңа қызмет түрін енгізді.

Ол үшін enpf.kz сайтындағы немесе БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасындағы жеке кабинетке кіріп, "Қызметтер" бөліміндегі "Дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру" ішкі бөлімін таңдау қажет. Егер бұрын өтініш беруші осындай келісімді берген және оған қол қойған болса, тиісті хабарлама шығады. Ал бұлай болмаған жағдайда (егер салымшы бұрын дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге қол қоймаған болса) ҚР "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңының хабарламасы ашылады. Әрі қарай, "Таныстым" батырмасын басқан соң, келісім беру терезесіне ауысады, онда "ұялы нөмір" бағанын толтырып, көрсетілген нөмірге келетін SMS кодты тіркеу қажет.

26.03.2025
Жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) қалай ашылады?

Міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алу үшін , міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу үшін шартты зейнетақы шотын ашу, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ЖЗШ ашу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен зейнетақы жарналарын аудару кезінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына агенттер ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде жүзеге асырылады. 

Осыған байланысты, БЖЗҚда ЖЗШ ашу автоматтық түзілімде жүзеге асырылады, яғни жеке тұлғалардың веб-сайт арқылы зейнетақы шотын ашу туралы өтініш беру рәсімі тоқтатылады.

Жеке тұлғаның БЖЗҚ-да ашылған МЗЖ және  МКЖЗ -ны есепке алу бойынша ЖЗШ-сы болмаған жағдайда, ЖЗШ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамынан түскен, БЖЗҚ-ға агент аударған алғашқы сомасы негізінде ашылады.

ЖЗШ ашудың мәлімдемесіз тәртібі мына кезеңдерден бері әрекет етеді:

-2019 жылғы 8 қаңтардан бастап МЗЖ қатысты;

-2021 жылғы 26 қазаннан бастап МКЗЖ қатысты.

28.03.2025
МЗЖ есебінен жеке зейнетақы шотын ашу

МЗЖ есепке алу үшін  ЖЗШ ашу туралы толық ақпаратпен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/pension/ups/330/22221/

28.03.2025
МКЗЖ есебінен жеке зейнетақы шотын ашу

МКЗЖ  есепке алу үшін ЖЗШ ашу туралы толық ақпаратпен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/pension/ups/330/22041/

28.03.2025
ЕЗЖ есебінен жеке зейнетақы шотын ашу

ЕЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ ашу туралы толық ақпаратпен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/pension/ups/330/22040/

28.03.2025
ЖМЗЖ есебінен жеке зейнетақы шотын ашу
ЖМЗЖ есепке алу үшін шартты зейнетақы шотын ашу туралы толық ақпаратпен келесі сілтеме арқылы таныса аласыз: https://www.enpf.kz/kz/services/pension/ups/330/22039/
28.03.2025