2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «БЖЗҚ» АҚ ағымдағы көрсеткіштері
15.09.2016
Алматы, Қазақстан – 2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 6,41 трлн. теңгені құрады. Шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны шамамен 10,10 млн. бірлікті құрады, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен жасалғаны шамамен 9,65 млн. Міндетті кəсіптік зейнетақы жарналары бойынша салымшылар саны – 408 100 бірлік, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша 38 949 бірлік.
Ағымдағы жылдың 1 тамыздағы жағдайы бойынша шарттардың барлық түрі бойынша ЖЗШ саны 10,15 млн. бірліктен асқанын естеріңізге салайық. Техникалық шоттарды өңдеу бойынша бағдарламаның орындалу есебінен бір айда шарттар саны 50 мың бірлікке азайды. Басқаша айтқанда, 1998 жылдан 2003 жылға дейін жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылғанда автоматты түрде ашылған шарттарсыз шоттар саны қысқарды. БЖЗҚ құрылған сəттен бастап қазіргі уақытқа дейін техникалық шоттар санын қысқарту – Қор алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі. Қазір мұндай шоттар шамамен 498,6 мың бірлік, барлық активтерді БЖЗҚ-ға біріктірген уақытта олардың саны 700 мыңнан көп болды. Салымшылардың техникалық шоттары болса, Қор тұрақты түрде олардың дұрыс деректемелері көрсетілген шоттарындағы зейнетақы жинақтарын біріктіру бойынша іс-шараларды өткізеді.
2016 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша таза инвестициялық табыс сомасы 393,26 млрд. теңгені құрады. БЖЗҚ салымшыларының жыл басынан бергі зейнетақы активтері бойынша табыстылығы 6,6%-ды құрады, бұл ұқсас кезеңдегі құнсыздану деңгейінен (5,4%) 1,2%-ға жоғары.
Жыл басынан бері БЖЗҚ жасаған зейнетақы төлемдері мен аударымдары 118,54 млрд. теңге мөлшеріндегі соманы құрады, бұған 12,51 млрд. теңге мөлшеріндегі сақтандыру ұйымдарына аударымдар кірді.
Əрбір салымшы (алушы) кез келген күнге өз ЖЗШ-ындағы жинақтары туралы БЖЗҚ-ның 233 дербес қызмет көрсету орталықтарының бірінен, пошта байланысы арқылы, электрондық пошта арқылы, www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөлімінен немесе ұялы қосымша арқылы біле алады. Шамамен 2,4 миллионға жуық адам хабарлаудың электрондық тəсілін таңдаған, оның 2,2 миллионы зейнетақы шотын Қордың корпоративтік сайты немесе əр түрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы бақылай алады. 2016 жылғы 1 қыркүйекте ұялы қосымшаларды жүктеу саны 311,8 мыңға жетті.
2015 жылдың ақпан айында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат (инвестициялық табыс ескерілген) беру» қызметін іске қосқан сəттен бастап 2016 жылғы 1 қыркүйекке дейін электрондық үкімет порталы арқылы салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарынан 323 мыңнан астам үзінді көшірме берілген.
Салымшылар (алушылар) барлық қызықтыратын мəселелер бойынша БЖЗҚ-ның дербес қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, қашықтан: телефон, əлеуметтік желілер, «кері байланыс» нысаны жəне Қордың корпоративтік сайтындағы онлайн чат арқылы кеңес ала алады. Осы арналар бойынша Қорға жыл басынан бері барлығы 90 037 өтініш келіп түсті, байланыс орталығына қоңырау шалу 86,5% болды. БЖЗҚ қызмет көрсету сапасын жақсарту аясында салымшылар (алушылар) үшін байланыс орталығына 1418 қысқа нөмірі арқылы қоңырау шалу қызметін қолданысқа енгізгенін естеріңізге сала кетейік. Осы нөмірге ҚР кез келген ұялы байланыс операторының телефон нөмірінен жəне стационарлық (қалалық) телефоннан қоңырау шалу тегін əрі қолжетімді.