Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен агенттердің шартты зейнетақы шотына өз қаражаты есебінен аударған ақшасы.

Шартты зейнетақы шоты (ШЗШ) – БЖЗҚ-да жеке тұлғаның атына ашылған, келіп түскен ЖМЗЖ және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түсімдер туралы мәліметтер, сондай-ақ тиісті қаржы жылына ЖМЗЖ есебінен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері туралы мәліметтер есепке алынатын шот.

ЖМЗЖ төлеу жөніндегі агент (агент) – Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен ЖМЗЖ есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және БЖЗҚ-ға аударатын жеке немесе заңды тұлға, Салық кодексінде көзделген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлға.

Әлеуметтік кодекстің 102-1-бабында көрсетілген адамдар үшін ЖМЗЖ төлеу жөніндегі агент ретінде Әлеуметтік кодекстің 102-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында айқындалған интернет-платформа операторы қарастырылады.

БЖЗҚ-да ЖМЗЖ есепке алу үшін ШЗШ ашу БЖЗҚ-ның ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен ЖМЗЖ аудару кезінде БЖЗҚ-ға агент ұсынатын жеке тұлғалардың тізімі негізінде жүзеге асырылады.

БЖЗҚ-да жеке тұлғаның атына ашылған ШЗШ болған жағдайда ЖМЗЖ бұрын ашылған ШЗШ-ға аударылады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, БЖЗҚ-ның функцияларын іске асыру үшін қажетті, жеке тұлғаның азаматтығы, мәртебесі, әрекетке қабілеттілігі, қолданыстағы жеке басты куәландыратын құжатының деректемелері, Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелген орны, «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірі туралы мәліметтерді және бар болса, жеке тұлға туралы өзге де мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының 9-бабына сәйкес, БЖЗҚ зейнетақы шоттарын, оның ішінде ШЗШ ашуға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде дербес деректерді жинау және өңдеу субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізіледі.