Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – Әлеуметтік кодекске, №525 Қағидаға және №520 Қағидаға сәйкес агенттердің еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын, кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, қызметкерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген қызметкерлердің пайдасына БЖЗҚ-ға меншікті қаражаты есебінен аударған ақшасы.
Өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижесімен расталған зиянды еңбек жағдайлары жойылған жағдайда, агенттер МКЗЖ төлеуді жүзеге асырмайды.
МКЗЖ мөлшерлемесі - агенттің БЖЗҚ-ға төлемінің қызметкердің МКЗЖ есептеу үшін қабылданатын табысына пайыздық қатынаста көрсетілген мөлшері.
Кәсіптері Тізбеде көзделген, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін БЖЗҚ-ға төленуге жататын МКЗЖ қызметкердің МКЗЖ есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табысының 5% мөлшерінде белгіленеді.
МКЗЖ есептеу үшін табысқа еңбекке ақы төлеудің ақшалай түрдегі барлық түрлері және өзге де кірістер енгізіледі.
МКЗЖ төлеу ай сайын кірістер төленетін айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
МКЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) (Шарт) – агенттің және өзі үшін МКЗЖ аударылған жеке тұлғаның ұсынылған Шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана талаптарын қабылдай алатын қосылу шарты.
Агент және өзі үшін МКЗЖ аударылған жеке тұлға МКЗЖ есепке алу үшін ашылған жеке зейнетақы шотына (ЖЗШ) МКЗЖ немесе өсімпұл есепке алынған күннен бастап Шартқа қосылған болып есептеледі.
Жеке тұлғада БЖЗҚ-да МКЗЖ есепке алу үшін ашылған ЖЗШ болған жағдайда, МКЗЖ-ны есепке алуға арналған ЖЗШ-ны қайта ашу жүзеге асырылмайды.
Бұл ретте жеке тұлғаның пайдасына МКЗЖ төлеген агент МКЗЖ есепке алу үшін бұрын ашылған ЖЗШ-ға МКЗЖ немесе өсімпұл есептелген күннен бастап Шартқа қосылған болып саналады.
Әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін өзіне МКЗЖ аударылған жеке тұлға және агентпен жасалған шарт Шартқа қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
Агент: - Әлеуметтік кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар үшін; - әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар үшін; - еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін БЖЗҚ-ға МКЗЖ төлеуден босатылады.
|
- [1] Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №520 қаулысымен бекітілген Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыру қағидалары
- [2] Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы №170 «Өндірістердің, жұмыстардың, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығы