Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне (Кодекс) сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен БЖЗҚ-ға енгізілетін ақша.
Жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес МЗЖ салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) МЗЖ не МКЗЖ не ЕЗЖ, инвестициялық кіріс, өсімпұл және өзге де түсімдер есепке алынатын және зейнетақы төлемдері жүргізілетін жеке атаулы шоты
МЗЖ төлеу жөніндегі агент (агент) – Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен МЗЖ-ны есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және БЖЗҚ-ға аударатын жеке немесе заңды тұлға.
МЗЖ есепке алу үшін БЖЗҚ-да ЖЗШ ашу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен МЗЖ немесе өсімпұлды аудару кезінде БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеу жөніндегі агенттер ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, БЖЗҚ-ның функцияларын іске асыру үшін қажетті, жеке тұлғаның азаматтығы, мәртебесі, әрекетке қабілеттілігі, қолданыстағы жеке басты куәландыратын құжатының деректемелері, Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелген орны, «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірі туралы мәліметтерді және бар болса, МЗЖ салымшысы туралы өзге де мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.
ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының 9-бабына сәйкес, БЖЗҚ зейнетақы шоттарын, оның ішінде МЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ ашуға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде дербес деректерді жинау және өңдеу субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізіледі.
МЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) (Шарт) – МЗЖ салымшысы талаптарын ұсынылған Шартқа тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдай алатын қосылу шарты. МЗЖ салымшысы, МЗЖ төлеу жөніндегі агент МЗЖ есепке алу үшін ашылған ЖЗШ-ға МЗЖ немесе өсімпұл есепке жазылған күннен бастап Шартқа қосылған болып есептеледі. Бұл ретте Шартқа қосылу үшін кәмелетке толмаған адамның заңды өкілінің келісімі талап етілмейді.
Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін МЗЖ салымшысымен жасалған шарт Шартқа қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері мен міндеттемелерін беру аясында зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға берілген МЗЖ салымшысы БЖЗҚ-да ЖЗШ ашылған күннен бастап Шартқа қосылды деп есептеледі. Жинақтаушы зейнетақы қоры деп Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен лицензия қолданысы тоқтатылған, зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері бойынша қызметті жүзеге асырған заңды тұлға деп түсіндіріледі.