Филиалды таңдаңыз:
Биыл зейнетақы нарығындағы жаңалықтар сананы сергек ұстауға итермелеп отыр. Зейнетақы қорындағы қаражаттың басқарылуы бұқараның көкейінде көп сауал туындатты. Оған халықаралық және жергілікті деңгейдегі даулы мәселелер себеп болды. Болашақта басымдық берілетін жинақтаушы жүйенің жұмысын реттеуге қатысты Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Үкіметке ұсыныс жолдағанын жеткізді. Осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді» тапсырған еді. Осыған байланысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшысы Нұрбүбі Наурызбаева Айқынның мінберінде зейнетақы секторындағы айтулы өзгерістер мен оның болашағы жайлы өз пікірімен бөлісті.
– Нұрбүбі Серікқажықызы, зейнетақы төлемдерін алудың жаңа тәртібі енгізілді. Бұл қалай жүзеге асырылмақ?
– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылатын болады. Тағы бір өзгеріс зейнетақы жинақтарының жылдық сомасына қатысты болып отыр. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап егер алушының өтініш берген күнге дейінгі зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда аталған сома алушыға зейнетақы қорынан бір рет толығымен төленеді. 2018 жылы ол – 404 940 теңге, яғни 33 745 он екі еселенген мөлшері.
Қорыта айтсақ, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (1/12) айқындалады.
Бірақ қалай болғанда да, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды.
Айтпақшы, егер жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы кезекті ай сайынғы төлемнен кейін ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен соманы құрайтын болса (15 273,36 теңге), бұл қалдық кезекті төлемнің сомасына қосылып төленеді.
Ай сайын жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдерінің мерзімділігі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Зейнетақы төлемдерін алуды 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін рәсімдеген зейнеткерлер зейнетақы төлемдерінің төлену мерзімділігін (ай сайын, үш ай сайын, жыл сайын) сақтауға және өзгертуге құқылы.
– Зейнетақы салымшысының құқықтары туралы айтып өтсеңіз.
– Қазақстан Республикасында «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 39-бабына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушылардың құқықтары белгіленген. Олар:
1) өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алуға;
2) зейнетақы қорының шешіміне, әрекетіне немесе әрекетсіздігіне сот тәртібімен шағымдануға;
3) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алуға;
4) өзінің зейнетақы жинақтарын мұраға қалдыруға;
5) өздерінің зейнетақы жинақтары есебінен сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға;
6) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен ерікті зейнетақы жарналарын аудару бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
Сонымен қатар Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, шет мемлекеттердің Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерінде, консулдық мекемелерде және Қазақстаннан тыс жерлерде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі құқықтық қатынастарға қатысуға құқылы. Бұл үшін олар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келіп, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініш беруге міндетті. Бұдан басқа, салымшылар мен алушылар мекенжайларын немесе жеке басын куәландыратын құжаттарын ауыстырған жағдайда күнтізбелік он күн ішінде бұл туралы зейнетақы қорына хабарлауға міндетті.
– Зейнетақы жинағын мұрагерлікке қалдыру процесі қалай жүреді?
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы қоры қажет жағдайда алдымен оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (биыл ол: 2269*52,4 = 118 895,6 теңге, ал 2018 жылы ол: 2405*52,4 = 126 022 теңге) жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бірақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерінен (биыл ол: 31 245, ал 2018 жылы: 33 745 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемге қосылып төленеді.
Зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және заңмен белгіленген тәртіпке сәйкес мұраға қалдырылады. Заң бойынша мұрагерлікті қабылдау туралы өтініш, мұраға қалдырушы қайтыс болғаннан кейін 6 айдан кешіктірілмей берілуі тиіс. Егер уақыт өтіп кетсе, онда сотқа жүгінуге тура келеді.
Мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілген.
– Зейнетақы активтерінің табыстылығы қандай деңгейде?
– Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері, яғни 10 айдың ішінде – 6,62 пайызды құрады. Бұл – инфляция деңгейінен 1,22 пайызға жоғары деген сөз. Инфляция 10 ай ішінде 5,4% болғанын білесіздер. 2017 жылдың басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 457 миллиард 720 миллион 780 мың теңгені құрады. «Бұған қалай қол жеткізілді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Инвестициялық табыс сатып алынған құнды қағаздар бойынша түскен сыйақылардан, сондай-ақ құнды қағаздар мен шетелдік валютаны қор және валюта нарығындағы өзгерістерге байланысты қайта бағалаудан құралады.
Жалпы, инвестициялық табыс жеке зейнетақы шотына, ондағы зейнетақы жинақтары толығымен таусылғанша күн сайын есептеледі. Инвестициялық табыс тұрақсыз шама. Сондықтан оның мөлшері жеке зейнетақы шотына келіп түсетін зейнетақы жарналарының көлеміне, келіп түсу уақытына, инвестициялау кезеңіне, сондай-ақ бағалы қағаздардың нарықтық бағасы мен валюта бағамының өзгеруіне тәуелді. Сәйкесінше, инвестициялық табыстың шамасы кей жағдайда жоғарылауы және төмендеуі мүмкін. Мұндай ауытқушылықтар уақытша сипатқа ие.
– БЖЗҚ инвестициялық портфелін тиімді басқару тетіктеріне тоқталып өтсеңіз.
– Қазақстанда зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша шешім қабылдаудың көп деңгейлі жүйесі құрылған. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін Ұлттық банк сенімгерлікпен басқарады. Бұл үшін 2013 жылы 26 тамызда Ұлттық банк пен қор арасында сенімгерлік басқару туралы шарт жасалған. Демек, инвестициялық табысты арттыру қызметі – Ұлттық банктің еншісінде. Сондықтан Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясының талаптарына сәйкес, зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдер қабылдайды. Бұл жерде зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары және қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу қызметі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске жүктелген. Оның құрамына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, Ұлттық банктің және Есеп комитетінің төрағалары, сондай-ақ қаржы-экономикалық блоктың министрлері кіреді.
Тағы бір кеңес – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес.
Бұл – Ұлттық банктің консультативтік-кеңесші органы. Ол зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша ұсыныстарды қарау және әзірлеумен айналысады. Оның құрамына Үкіметтің екі өкілі, Парламенттің екі депутаты және осы кеңес мүшелерінің жалпы саны отыз пайызынан кем болмайтын тәуелсіз сарапшылар кіреді. Сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Мінеки, зейнетақы жинақтарын Ұлттық банк өз қалауынша басқармайды. Бұған көптеген органдар атсалысады. Зейнетақы активтері салымшылардың мүдделері үшін инвестицияланады. Басты мақсат – ұзақмерзімді болашақта тұрақты инвестициялық табыс алып тұру. Бұл – басты стратегия.
Енді зейнетақы жинақтарының табыстылығын сақтау және арттыру мәселесіне келер болсақ, инвестициялық портфель біршама диверсификацияланған, яғни әртараптандырылған. Әрине, зейнетақы активтері кез келген қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалмайды. Бұл жерде зейнетақы активтері тәуекелі төмен, табысы тұрақты әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Олардың ішінде танымал қаржы құралдарын атап өтуге болады.
Біріншіден, бұл – Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары. 2017 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша олардың пайыздық үлесі – 43,44%, ал ағымдағы құны – 3,3 триллион теңгеге жуық.
Екіншіден, халықаралық қаржы ұйымдары мен шет елдердің мемлекеттік құнды қағаздары. Қордың инвестпортфеліндегі оның үлесі – 12 пайыздан астам, қазіргі жалпы құны – 947 млрд теңгеден астам.
Үшіншіден, Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары. Олардың портфельдегі үлесі – 11,23%, яғни 852,3 млрд теңге.
Төртіншіден, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің қаржы құралдары. Олардың портфельдегі үлесі – 21,86 %, құны – 1,6 трлн теңге;
Екінші деңгейдегі отандық банктер мен шетелдік банктердегі депозиттердің жиынтық үлесі – 10,13% , яғни 768,9 млрд теңге.
– «Бузгул Аурум» компаниясына қатысты және Әзірбайжан халықаралық банкімен болған оқиғалардан кейін БЖЗҚ инвестициялық тәуекелдің алдын алу үшін қандай шараларды қолға алды?
– Бірінші кезекте, биылғы жылдың басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен Ұлттық банк арасында «БЖЗҚ» АҚ меншікті активтерін сенімгерлік басқару шарты жасалды. Соған сәйкес қордың барлық меншікті активтері Ұлттық банкке кезең-кезеңмен өткізілді. Алғашқы кезеңде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары, сондай-ақ өтімді қаражат берілсе, соңғы кезеңде қор алдында екінші деңгейдегі банктердің депозиттері мен эмитенттердің корпоративтік облигацияларының өтелуіне қарай өткізілді. Қазіргі уақытта зейнетақы қорының меншікті активтерін Ұлттық банкке өткізу шарасы аяқталды.
Әзірбайжан халықаралық банкінің борышқорлық құнды қағаздарына келер болсақ, бұл банктің борышкерлік құнды қағаздары кезінде екі рет сатып алынған болатын – 2014 жылдың 8 қазанында 200 млн АҚШ долларына 100 данасы және сол жылдың 28 қазанында 49,95 млн АҚШ долларына 25 данасы сатып алынды. Сонда жалпы сомасы – 249,95 млн доллар. Теңгемен есептегенде сол кездегі валюта бағамы бойынша – 45,4 млрд теңге болды. Қағаздардың айналым мерзімі – 10 жыл, купондық мөлшерлеме – жылына 8,25 пайыз. Сыйақы мөлшерлемесін төлеу мерзімі – жылына екі рет. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Әзірбайжан халықаралық банкі облигацияларының ағымдағы құны (есептелген сыйақыларды қоса есептегенде) – 67,5 млрд теңгені құрады. 2015-2017 жылдар аралығында эмитент, яғни Әзірбайжан халықаралық банкі жалпы сомасы 15 млрд теңгеден астам купондық сыйақы төлеген.
Үстіміздегі жылдың 23 мамырында Лондон қаласында Әзірбайжан Халықаралық банкі шетелдік кредиторлар алдында өз қарыздарын қайта құрылымдау жобасын ұсынды. Көп ұзамай, шілде айында банк кредиторларының отырысы өтті. Онда Ұлттық банк пен Қазақстан Үкіметі ұсынылған үш түрлі қайта құрылымдау нұсқаларының бірін таңдады. Бүгінде БЖЗҚ инвестициялық портфелінде бұл банктің облигациялары жоқ. Өйткені 2017 жылдың 1 қыркүйегіне қарай аталмыш банктің сыртқы міндеттемелерін қайта құрылымдау рәсімі аяқталды. Соған сәйкес биылғы жылдың 1 қыркүйегінде Әзірбайжан халықаралық банкінің бағалы қағаздары атаулы құны бойынша 1/1 ара қатынасымен Әзірбайжан мемлекеттік бағалы қағаздарына айырбасталды. Өтеу міндеттемесін Әзірбайжан Үкіметі өз мойнына алды. Бұл жерде купондық сыйақы мөлшері жылына 3,5 пайызды құрап отыр. Өтелу мерзімі – 15 жыл, яғни 2032 жылы аяқталады.
Бұл проблемалық активтерге жатпайды. Олардың рейтингі Әзірбайжан үкіметінің рейтингі деңгейінде белгіленген және тәуекелі төмен құнды қағаздар болып саналады.
– GLOTUR АҚ-мен БЖЗҚ арасында болған жағдайдан қандай нәтиже күтуге болады? Бұл қордың жұмысына қалай әсер етеді?
– «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» Акционерлік қоғамының GLOTUR АҚ банкроттықты басқарушысы М.Иманбаев әрекетінің заңсыз екендігін мойындау және қор талаптарын GLOTUR АҚ кредиторларының талаптары тізіліміне енгізу туралы сот шешімімен қанағаттандырылды. Бұл туралы 2017 жылдың 1 қарашасында Алматы облыстық сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық алқасының қаулысымен бекітілді. Осылайша, зейнетақы қорының GLOTUR АҚ банкроттық рәсімі аясында өз талаптарын қанағаттандыруға мүмкіндігі бар. Бұл ретте борышкердің мүлігі барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға жеткіліксіз болған жағдайда, қор GLOTUR АҚ-ты банкротқа әкеп соқтырған жайттарды анықтауға әрекет жасайды. Егер анықталса, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту шарасын қолға алады.
– Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев зейнетақы нарығында бәсекелестік ортаны қалыптастыру керектігін айтты. Зейнетақы нарығына жеке сектордың келуін қалай бағалайсыз?
– Зейнетақы активтерін басқару функциясының бір бөлігін бәсекелестік ортаға, яғни қазақстандық және шетелдік жеке компаниялардың басқаруына беру туралы ұсынысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банк әзірлеген. Бұл ұсыныстар мұқият талқылауды және тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етеді. Қазір Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі зейнетақы активтерін қандай басқарушы компанияларға беру мәселесін шешіп жатыр.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев таяуда депутаттық сауалға берген жауабында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сыртқы басқаруға беруді биылғы жылдың соңына дейін бастау жоспарланғанын айтқан болатын. Өз жауабында Үкімет басшысы: «Қазіргі кезде Ұлттық банк зейнетақы активтерінің шетелдік валютада номинирленген бөлігін облигациялар мен акциялардың ғаламдық индексіне индекстік инвестициялауға шетелдік басқарушыларды тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар зейнетақы активтерін ғаламдық акциялар мен облигациялардың және «Ғаламдық белсенді акциялардың» мандаты бойынша шетелдік басқарушы компаниялардың басқаруына беру жұмыстары жүргізілуде» деп мәлімдеді.
– Жергілікті нарық ойыншыларының инвестициялық құзыреттілігі қай деңгейде?
– Жергілікті нарық ойыншыларының инвестициялық құзыреттілігі туралы айтуға әлі ерте. Ол өз уақтысында белгілі болады. Бүгінгі кезеңде зейнетақы активтерін басқару бойынша компаниялардың жұмыс істеу қағидасы, оларға қатысты талаптар және басқа да мәселелер әлі талқылану үстінде.
– Сарапшылар «инвестициялық портфельді» басқаруды әлемдік деңгейде тәжірибелі инвестициялық банктерге беру керек» деген ұсыныс айтуда. Бұған қалай қарайсыз?
– Бұл – Ұлттық банктің құзырындағы мәселе. Зейнетақы активтерін басқару бойынша компаниялардың меншікті капиталына деген талап өте жоғары болуы керек. Басты мақсат – табыстылық бойынша күтпеген жағдайлар орын алғанда басқарушы компания зейнетақы активтерін басқару кезіндегі бүкіл өсімді ескере отырып, зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз ете алуы керек. Одан басқа, бұл компаниялардың қызметін тиімді, тәуекелдік тұрғыда басқару керек. Пруденциялық нормативтер белгіленуі тиіс. Сол арқылы компаниялардың капиталы мен басқаруға алынатын активтердің ара-қатынасын, сатып алынатын қаржы құралдарының рейтингіне қатысты талаптар айқындалады. Сонымен қатар белгілі бір лимиттік саясат болуы керек. Яғни, зейнетақы активтерін басқару бойынша компаниялардың капиталын ескере отырып, оларға берілген зейнетақы активтерін әртүрлі қаржы құралдарына салуға қатысты инвестициялық декларация және инвестициялық саясат ұстанымы керек. Меніңше, олардың саясаты орташа сақтанымпаздық сипатта болуы қажет деп есептеймін. Бірақ қалай болғанда бұл компанияларды Ұлттық банк таңдайды. БЖЗҚ-ның міндеті таза техникалық сипатта болады.
Біз зейнетақы активтерін басқарушы компаниялардың мәліметтері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар зейнетақы активтерін есепке алу, табыстарды есептеу, қызмет көрсету бойынша өзара есеп айырысу секілді жұмыстармен де айналысатын боламыз. Басқарушы компанияларды құру, оларға лицензия беру Ұлттық банктің құзырына берілмек.
– Қоғамда «Болашақта базалық зейнетақы болмауы мүмкін» деген пікірлер бар. Сіз зейнетақы нарығының ертеңін қалай елестетесіз?
– Әрине, мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы алдағы уақытта да зейнеткерлерге төлене беретін болады. Ол өз күшін жоймайды. Керісінше, нығайтылады. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы төлемдерін есептеудің жаңа әдістемесі қолданылады. Яғни, ол қайта есептелетін болады.
Басты мақсат – еңбек өтілі қомақты болса да аз мөлшерде зейнетақы алатын аға ұрпақ алдындағы әлеуметтік әділетсіздікті жою. Сонымен қатар жалақыны «конвертпен», яғни бейресми түрде алатын бүгінгі отандастарымызды еңбек қатынастарын заңдастыруға ынталандыру.
Егер зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мүлдем жоқ немесе 10 жылға дейін болса, онда базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Яғни, қатысу мерзімі 20 жыл болғанда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, 30 жыл болғанда 90 пайызын құрайды. 33 жыл және одан көп болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшеріне тең болады және одан асырылмайды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі еңбек кітапшасындағы жазбалармен және БЖЗҚ-ға тұрақты аударылған зейнетақы жарналарымен расталады.
Қазір ше? Қазіргі уақытта Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері аты айтып тұрғандай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан емес, мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Оның көлемі жыл сайын ұлғайып отырады және зейнеткерлікке шыққан (2018 жылы ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 58,5 жас) әрбір азаматқа еңбек өтілі мен айлық табысы немесе зейнетақы жинағының көлеміне қарамастан өмір бойына тағайындалады.
Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi ең төменгі күнкөрiс деңгейiнің мөлшеріне байланысты болады және тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленедi. Биыл мемлекеттік базалық зейнетақының мөлшері – 14 466 теңге болса, ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері – 24 459 теңге. 2018 жылғы базалық зейнетақы мөлшері – 15 274 теңгені, ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 284 теңгені құрайтын болады.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау үшін тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КЕАҚ) жергілікті филиалына жеке басыңызды куәландыратын құжатпен баруыңыз керек. Өтініш жазып, басқа да қажетті құжаттарды тапсырасыз. Өтінішті «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы да жазуға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ақпарат көзі: aikyn.kz